Пятница, 2024-05-17, 5:37 AM
Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Қазақтың салт-дәстүрлері » Ай (қазақ дәстүрінде)

Айға байланысты наным-сенімдер мен ырымдар

Ай - ең алдымен, қазақтардың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат еткен аспан денесі.

«Ай көрдім, аман көрдім», - деген тұрақты сөз тіркесінде көрініс тапқан айға тәу ету ғұрпы осы аспан денесіне байланысты ежелгі наным-сенімдер және осыған байланысты атқарылатын ғұрыптардың кіріспесі іспеттес. Айға сәлем беру ғұрпы туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», - деп жазды. Ғұрыптың мәні - әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, айға қарап тілек тілеп, бет сипайды: Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім, Жаңа Айда жарылқа, Ескі Айда есірке! Тірілерге жиған бер, Өлілерге иман бер, Аллаһу акбар! немесе: Аман көрдім, Ай көрдім, Жұлдызым жоғары болсын, - деп Айға қарап, арман-аңсарының орындалуын тілейді. Жаңа ай туғанда: Туған айдай қылып жарылқа, Шыққан күндей қылып жарылқа. Басты аман, бауырды бүтін қыл, Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе, - немесе: Жаңа Айдан жақсылық, Ауырлығым жерде, Жеңілдігім менде! - деген сияқты жыр жолдары Айға байланысты атқарылатын сан алуан ғұрыптар мен ырымдардың интерактивтілігін қамтамасыз ететін аса қажетті функционалдық атрибуттары болды. Жалпы адамзатқа ортақ әмбебап түсініктер жүйесі сияқты, қазақтар да жер жаһанға жылылықты, жаңбыр мен қарды, ыстық пен суықты беретін құдірет аспан денелерінің ішіндегі ең киелісі де, құдіреттісі Ай (және Күн) деп есептеп, оған табынды. Ежелгі түсінік бойынша, ай фазаларының өзгерісі тіршілік дүниесіне әсер еткен. Айталық, толған Айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп сенген. Ай толған кезде адамға қауіпті әсері болады деген наным-сенімге байланысты көптеген ырымдар қалыптасты: жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды деген сияқты. Өйткені, Ай бетінде кірпік санайтын кемпір бар- мыс. Аталмыш тыйымдар сақталмаған жағдайда, әлгі кемпір кесір-кесапат әкеледі. Сондай-ақ, Айға қарап дәрет сындыруға тыйым салынды. Себебі, бұл рухты шамдандырады, сөйтіп, тыйымды бұзған адам ұшынады немесе ауру мен кесірге тап болады-мыс. Байырғы мифологиялық түсінік бойынша, Ай тек адамға ғана емес, төрт түлік малға да әсер етеді деп есептелінді. Өзінің жақсы көретін немесе киелі деген малдарының мүйізі мен тұяғын қазақтардың Айға теңеуінің эстетикалық мәні ерекше: Ай тұяқты тұлпарым, Ай мүйізді сиырым, Ай мүйізді қошқарым, Ай мүйізді ақ серкем деген сияқты. Сондай- ақ, тіршіліктің түпқазығы төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғатының өзге құбылыстарына емес, тек Айға ғана теңеуі халықтың айды ерекше құрмет тұтып, оны мал басының амандығының кепілі деп есептеген наным- сеніммен тығыз байланысты. Ай жаңарғанда кейбір ауру түрлері, айталық, теміреткі, жара, қышыма тәрізді тері аурулары да қозатындығын халық аңғарған[1]

Халық тіліндегі Айға байланысты қолданылатын фразеологизмдер мен тұрақты тіркестері мифологиялық наным-сенімге, мифтік аңыздар негізінде қалыптасты: Ай қорғалау, Ай желіну, Ай тұтылу, Ай қарақшысы, Ай арасы, толас болу, туар Ай, туар Айдың жаңасы және т.б[2].

Категория: Ай (қазақ дәстүрінде) | Добавил: Oryngul (2012-02-25)
Просмотров: 29992 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 3.6/15
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: