Абай мен Ыбырайдың жасаған өмір кезеңдерінде де көп алшақтық жоқ, төрт-бес жыл ғана айырма бар. Әлеуметтік-саяси өмірдің ұқсас бірлігі де олардың таным-талғамының бір бағытта өрістеп дамуына қолайлы жағдай жасаған. М. Әуезовтың айтуынша Абай Алтынсаринды жақсы білген, тіпті кейбір мәселелер бойынша одан үйренуді де жат санамаған: «Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек... Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі бүл екеуінің үні бір, үміті бір, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» (Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., - А., 1985, 246-6.). Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап, қанат жаюына Абай мен Алтынсарин зор үлес қосты. Олар өзіне дейінгі ақындардың жыр мен толғау, дастандарында табиғат көріністерінің жеке бөлінбей, түйдек-түйдегімен қоса жырланып келген үлгілерін түңғыш рет жеке алып, түр мен мазмұн жағынан тың сипат бере білді. Орыс ақыны А. С. Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Алтынсаринның табиғат көріністерін адам өмірімен шебер астастыра бейнелейтін «Сәуірде көтерілер рахмет туы» өлеңінде мал баққан көшпелі өмірдің шындық суреттері әсем де нанымды өріледі. Сәуір айындағы күн нұрымен еріген мұз бен жауын-шашынның жерге нәр беруімен даланың құлпырған әсем бейнесі, таза ауаға мастанған адам мен жан-жануарлардың мәре-сәре болуы, мал төлдеп, аққа аузы тиген жұрттың қуаныш-көңілі, әзілі жарасқан жастар мен кәрілердің шаттығы, көл жағалай ұшқан қаз бен үйрек, тасыған өзен мен мал даусының жаңғырығы, ынтық жастардың оңашада бас қосуы - бәрі де реалистік тұрғыда әсерлі сипатталады. Жақындар құдайымның көктен күні, Тең болар жарлықпенен күн мен түні. Аспаннан рақымменен күн төнгенде, Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны (Алтынсарин. Таза бұлақ. - А., 1988, 93-6.),- деп, Алтынсарин күн бейнесін бүкіл тіршіліктің қайнар көзі, мейір-шапағаты ретінде ұтымды суреттеп, «Жердің қуануы» ұғымын жас баланың ұйқыдан оянып гүлдей жайқалып шыға келуімен астастырады. Абай Алтынсаринның осы бейнелі сөз тіркесін «Жазғытұры» өлеңінде: «Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті... Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып түрленер тоты құстай...» - деп, көркейте жетілдіріп, сомдап қолданады. Осы тұрғыда М. Әуезовтың: «Абайдың кейін жазатын осы алуандас «Жазғытұры», «Жаз», «Күз» «Қыс» дейтін өлеңдерінің бәрінен біз жаңағы айтылған, Алтынсарин салған тың жолдың түгелімен қабыл алынып, онан әрі көркейіп, дами түскенін білеміз» деген пікірі өте орынды айтылған (Әуезов М. Көрсетілген еңбегі. 213-6.). Абай мен Алтынсаринның табиғат лирикалары мағыналық жағынан ұқсас, оларда жарыса жырлау дәстүрі (нәзира) мен стиль бірлігі ортақ және өлеңдерінің мазмұны мен құрылысы сабақтас, өзара үндес келеді. Қазақтың ұлы ағартушыларының адамгершілік ой-тұжырымдары өрнектелген Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Алтынсаринның «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» атты өлеңі Ескендір патшаның төңірегінде құрылып, өрбітіледі. Алтынсаринде оқиға желісі жинақталып, қысқа қайрылса, Абай шығармасы дамымалы мазмұнға құрылған. Ескендір патшаның уәзірі ретінде Алтынсаринде Қыдыр Ілияс, Абайда ежелгі грек философы Аристотель алынған. Бұл шығармаларында Абай мен Алтынсарин дүние жүзін түгел жаулап, адам қанын судай шашқан тойымсыз патшаны әшкерелейді, сол арқылы бүкіл адамзатқа ой салып, адамгершілікке шақырады, ізгілікті ту етіп көтереді. Екі ақын да бір тақырыпты өздерінше қайталай жырлап, адамгершілікті, имандылықты арнайы сөз етеді. Мұндай ұқсастықтар Абай мен Алтынсарин шығармашылығының бір бағыты - орыс классиктерін тәржімалау тәжірибесінен де байқалады. Олар орыс әдебиетінің рухы мен стилін сақтап, қазақ оқырмандарының табиғатына етене жақын етіп аударудың көркем үлгісін жасады. Абай буған қоса өлеңнің түпнұскалық мән-мазмұнын дәл беруге, ой-қорытындысын өзгертпей жырлауға ерекше көңіл бөледі. Ал Алтынсарин дәлдіктен гөрі, мазмұн бірлігін сақтауға зер салған. Абайдың И. А. Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалы мазмұны мен стилі жағынан түпнұскаға мейлінше жақын болып келетін болса, Алтынсарин осы өлеңді Абай секілді 7- 8 буынды жыр үлгісімен емес, 11 буынды қара өлең түрінде аударған. Ол Крыловтың «ангельский голосок» деген тіркесін: «сөзің күміс, алтын» десе, енді бірде: «сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім» деп, қазақ ұғымына жақындатып алады. Қоғамдық құрылысы мен әлеум. ортасы ортақ, бір дәуірде өмір сүрген қазақтың екі ұлы ағартушысы туған халқын өнер-білімге үндеді. Абай ел-жұрттың көкірек-көзін оятпақ болса, Алтынсарин техника тетіктерін үйренуге шақырды. Олардың жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге үндеген ой-тұжырымдары өзара өзектес, сабақтас келеді.[7]
|